25 қаз, 2017 сағат 16:36

Сағынтаев Қырғызстанмен шекарадағы кезектің себебін түсіндірді

Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында қазақ-қырғыз және қазақ-ресей шекарасындағы ахуалға қатысты түсіндірме берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан премьері шекарадағы жұмыстардың қырғыз тарапына бағытталмағанын айтты.

«Біз салық үлесі бойынша келетін зиян мөлшерін азайтып, контрабанда деңгейін төмендеткіміз келеді. Қазақстанның бұдан басқа көздеп отырған еш мақсаты жоқ. Бұл одақтағы басқа әріптестерімізге де қатысты» деп мәлімдеді Сағынтаев.

«Біз Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жол картасын әзірлеп жатырмыз (48 тармақтан тұрады – агенттік). 43 тармақ бойынша бір мәмілеге келіп отырмыз. Біздің қызметтер оларды одан әрі жүзеге асырумен айналысады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол Қытайдан ЕАЭО елдеріне тауар жеткізуге қатысты жағдайға қысқаша шолу жасады.

«ЕЭК мәліметінше, 2016 жылы ЕАЭО елдерінің импорты $201 миллиард болды. Сонымен қатар оның едәуір көп бөлігі Қытайдың үлесінде – 22,7 процент. 2017 жылдың 7 айында да осындай жағдай қайталанды», — деп атап өтті Қазақстан премьері.

2014-2016 жылдары Қытайдан ЕАЭО елдеріне импорт динамикасының талдауы: Қырғыз Республикасынан басқа барлық елдерде импорт төмендегені байқалып отыр, оның ішінде Қазақстанға екі есе төмендеген.

«2014-2016 жылдар ішінде кедендік баж салығының түсу динамикасының талдауы да Қырғызстаннан басқа, одақтың барлық елдері бойынша түсім төмендегенін көрсетті. Бұл тұста ең көп жоғалтып отырған – Қазақстан (18,9 пайыз)», - деді ол.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев жан басына шаққандағы халықтық тұтыну тауарларын (киім-кешек пен аяқ киім) әкелу ақылға қонымсыз жүргізілетінін атап өтті.Мәселен, Қазақстанға қарағанда Қырғызстанға киім-кешек 65 есе, ал Ресейге қарағанда 43 есе көп жеткізіледі.

Сағынтаев Қазақстан кедендік әкімшілеудің жеткіліксіз екенін 2016 жылы бірнеше рет көтергенін еске салды.

«Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы қызметтері арасында ҚХР-дан тауар тасымалдау кезінде күмәнді декларациялаудың жолын кесу мақсатында 2017 жылғы 5 маусымда бірлескен қимыл жөніндегі жоспарға қол қойылған болатын. Алайда қырғыз тарапының жоспарланған іс-шараларды орындамауының салдарынан тиісті әсер болған жоқ», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қырғыз Премьер-министрі Сапар Исақов қырғыз тарапы жеке мәлімдеме жасайтынын атап өтті.

«Біздің де айтатын жайттарымыз бар. Бірнеше шақырымға созылған кезек тек Қырғызстан азаматтарының ғана емес, Қазақстанның да және үшінші елдер азаматтарының да наразылығын туғызуда», - деді ол.