Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өңірлік әрі шекара бойындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бақытжан Сағынтаев осы сәтті пайдаланып, Сооронбай Жээнбековты Қырғызстандағы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Кездесу барысында кеше Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков арасында жасалған келісімдерді жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы аясында іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне және оны одан әрі арттыру әлеуетіне айрықша назар аударылды. Кездесу барысында, сондай-ақ, Қазақстан-Қырғызстан өңіраралық форумын өткізу, Қазақстан мен Қырғызстанның іскерлік кеңесін құру арқылы өңірлік және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту маңыздылығы аталып өтті.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға өсіп, $598 млн құрады.
Қазіргі таңда екіжақты экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасының 10 оперативті шарасы жүзеге асырылып, жыл соңына дейін 13 іс-шараны орындау қарастырылған. Картаның қалған тармақтары бойынша ұзақ мерзімді сипаттағы жұмыстар жалғастырылып жатыр.