Бүгін Астана экономикалық форумы аясындағы Инновациялық саммит барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев квазимемлекеттік компанияларда «динозаврлар» жұмыс істеп жатқандығын мәлім етті.
Оның пайымынша, бұл адамдар компанияның инновациялық жаңғыруына кедергі жасап келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде жұмыс істеп жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындарда тиісті кәсіпорынды жаңғырту бағатында ешқандай қызығушылық пен ынта байқалмай тұр. Себебі олар тұрақты түрде бюджет тарапынан қолдауға ие болып келеді. Егер де қандай да бір мәселе туындап жатса, олар Үкіметке келіп: «Біз квазимемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, қарамағымызда көп адам жұмыс істейді. Егер де адамдар санын қысқартсақ, онда әлеуметтік шиеленіс туындайды», деп айтады. Осындай тәсілмен олар бізді үрейлендіруге тырысады», - деп тоқталды Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте Үкіметтен квазимемлекеттік кәсіпорындар бюджеттен қаржы бөлуді сұрап, олардың қызметіне араласпауды алға тартады екен. Нәтижесінде, аталған кәсіпорындар тарапынан даму белгілері байқалмайды.
«Бүгін бірнеше ғалыммен және экономистпен кездестім. Олардың бірі жақсы ой-пікірді айтты. Инновацияларды енгізу - ол оңай емес, бұл бағытта ерік-жігер болуы керек. Себебі инновациялар «динозаврлар» жүрген жерге келеді. Атап айтқанда, осы «динозаврды» алып тастап, оның орнына инноватордың келуі - бұл Үкімет алдында тұрған қадам . Ал осы квазимемлекеттік секторларда «динозаврлар» отыр. Сондықтан олардан тазартқаннан кейін, мақсат-міндеттер іске асырылады деген ойдамыз», - деп тоқталды Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ірі кәсіпорындарда дамыған елдермен салыстырғанда еңбек өнімділігі төмен екенін айта келе, «Сонымен бірге олардың өнімінің сатылмай тұрғанын жай ғана бақылап тұра алмаймыз. Өнім сатылуы үшін оларға көмек көрсету керек. Осыдан көлікке және басқа бағыттарға субсидиялар бөлінеді. Өз кезегінде осы жеңілдіктерге кәсіпорындар да үйреніп алады. Бұл ретте олар «мемлекеттен сұрап алу мүмкіндігі бар кезде өз қалтамыздан шығынданып қайтеміз» дегенді әдетке ала бастайды. «Менде 20 мың азамат жұмыс істейді. Өнім бәсекеге қабілетті болмағандықтан, адамдарды қысқартуға мәжбүрмін» деген уәжді алға тартады. Әрине, біз өз кезегімізде: «Адамдарды қысқартушы болма, біз саған көмектесеміз. Адамдар жұмыстарын жалғастырып, жалақысын ала берсін» деп айтамыз. Бүгінде біз қадамдарымызды өзгертудеміз, 2025 жылға дейін олар толықтай жаңғырту шараларын іске асыруы тиіс», - деді Сағынтаев.