Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жауапты басқармаларға құрылыс алаңдарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook-тағы парақшасында үш жасар баланың қайғылы қазасына байланысты көңіл айтты.
«Бүгін қайғылы оқиға болды. 3 жасар баланың өмірі үзілді. Жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Полиция жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізеді. Жайлы қалалық орта мен қала құрылысын бақылау басқармаларына бұл нысандағы мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің құрылыс нормалары мен ережелерін сақтауын тексеруді тапсырдым. Сондай-ақ, қаланың барлық құрылыс компанияларының жұмыс кезінде қауіпсіздік техникасын қаншалықты сақтайтынын тексеруді тапсырдым»,-деп жазды Бақытжан Сағынтаев.
Бүгін Алматыда 28 панфиловшылар саябағында үш жасар баланы жүк көтергіш ауыр көлік басып кетті.
Кішкентай бала алған жарақаттарынан оқиға орында көз жұмды.
