Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазандағы қайғылы оқиғадан кейін Алматы мектептері мен балабақшаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматыдағы мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қазір бәрі назарға алынды. Десек те, зерттеулер көрсеткендей, біз көрмей қалатын аймақтар бар. Сондықтан бүгінде балабақшалар мен мектептерде мұндай аймақтардың болмауын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Мектеп-интернаттарды қадағалау керек, онда да бала көп. Кез келген нәрсе болуы мүмкін. Қазанда болған жағдайды ескере отырып, біз енді қосымша шаралар қолданамыз. 1 қыркүйекке дейін COVID-19 жағдайы бүгінгіден әлдеқайда жақсарады және балалар мектепке барады деген үміт бар. Осы 3,5 ай ішінде біз мектептің қауіпсіздігін тек ішкі жағынан ғана емес, сонымен қатар сыртқы периметр бойынша, оның ішінде балабақшалар қауіпсіздігін күшейту бойынша көптеген дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, ол мектеп инспекторлары мен психологтарының жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.
«Мамандардың айтуынша, мұндай мінез-құлықты ертерек анықтауға болады. Баланың қандай да бір қайғылы жағдайға әкелетін әрекетінің алдын алуға болады. Сондықтан біз мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігі бойынша жұмыс істейтін боламыз. Балаларымыз өздерін толықтай қауіпсіз сезінуі үшін бәрін жасаймыз», - деді ол.
