02 ақп, 2018 сағат 18:10

Сағынтаев: Инновациясыз біз ештеңеге қол жеткізбейміз

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының бастамасымен және Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында өтіп жатқан «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумының жұмысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап. 

Форум Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудағы маңызды бірлескен қадам ретінде қарастырылады. Бүкіл әлем дамудың ерекше кезеңіне аяқ басты, оның мәні — жаһандық деңгейде дамудың жаңа үлгісіне және жаңа технологиялық үлгісіне көшу. 

«Біз алдымызға зор міндет қойдық – жақын арада барлық мемлекеттік қызметтердің 80% электронды тәсілмен берілетін болады. Мұндағы өте маңызды мәселе – инфрақұрылым. Қазақстанның территориясы өте үлкен. Біз барлық қалаларда инфрақұрылымды, яғни интернетті толық қамтамасыз етеміз. Ауыл тұрғындарының 43%-ы, 7 мыңға жуық ауылдық елді мекенде интернет жылдамдығы жеткілікті деңгейде, бұл өте маңызды», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендердің барлық базаларын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды толық аяқтау туралы шешім қабылданды. 

Сондай-ақ Б. Сағынтаев болашақ сауатты мамандарды даярлаудағы білімнің рөлін атап өтті.

«Бүгін біз халықты цифрландыруға тарту жөнінде айтып отырмыз. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметті алу, жалпы цифрлық форматқа көшу сәнге айналуы тиіс. Сондықтан да мұның бәрін ақылға қондыру үшін, мектеп қабырғасынан бастап мамандарды, математиктерді, университет бағдарламашыларын дайындау қажет.

Біз бүгінде мамандарды жеткілікті даярлауды бастау үшін оқу бағдарламалық курстарды қайта бағыттап жатырмыз. Егер біз барлық бағыттар бойынша ілгерілейміз дейтін болсақ, онда бізге инновациялар қажет. Инновациясыз біз ештеңеге қол жеткізбейміз. Бұл үшін тиісті экожүйені құру қажет. Осы орайда біз Сколково, Иннополис, Минскідегі Инновациялық технологиялар паркіндегі әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз», — деді ол.

Ұлттық инновациялық орталықтардың өзара іс-қимыл және әріптестік жүйесін бір қалыпқа келтіру дұрыс болар еді. Сөз тәжірибемен және инновациялармен өзара тиімді алмасуға, цифрлық технологиялар трансферіне, Ресейдің Сколково мен «Иннополис» инновациялық орталықтары, Беларусьтің «Жоғары технологиялар паркі», Қазақстанның Назарбаев Университеті, «Астана-технополис» еркін экономикалық аймағы мен Экспо-2017 базасында құрылып жатқан жаңа Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі және басқаларының бірлескен іс-шараларын өткізуге қатысты болып отыр.  

Басты мақсат — бүкіл дүние жүзінен венчурлық қорлар мен стартаптарды тарту үшін Одақты сыртқы контурда үйлестіруге және ілгерілетуге қабілетті ЕАЭО елдерінің бірыңғай инновациялық экожүйесін құру. 

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жағдайлар жасау қажет. Талант өз капиталын өзі құрады. Сондықтан, елімізде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Осы тұрғыда елімізде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. 

«Осыған орай біз «Экспо» базасында IT-хаб құрдық. Бүгінде офистер дайындалып жатыр және таяу уақытта, жарты жылдан кейін бұл АТ-хабты іске қосамыз. Теңдессіз шешім қабылданды. Тиісті заң жобасы қабылданды. Біз Конституциялық заңға кірістік. Абсолютті заңнамалық базасы бар, ағылшындық құқыққа ие «Астана» халықаралық орталығы барлығынан босатылған. Біздің IT-хаб осы АХҚО-ға қосылды және біз осы арқылы бүкіл әлемнің таланттарын тартқымыз келеді», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Б. Сағынтаев киберқауіпсіздік проблемасын жеке атап өтті. Интеграция мәселелері форумның қазіргі күн тәртібі аясында әлдеқайда кеңірек деңгейде талқыланады. 

Форумның пленарлық сессиясының жұмысы барысында Армения Республикасының Премьер-Министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі  Андрей Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Махмадтоир Зоир Зокирзода сөз сөйледі. 

Сонымен қатар талқылауға халықаралық сарапшылар қатысты, олардың ішінде: Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптау жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан, Autodesk Innovation Genome негізін қалаушы Билл О’Коннор, Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысының орынбасары Малкольм Джонсон, Dell EMC бас техникалық офицері Найджел Моултон, Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл, Gartner компаниясының басқарушы вице-президенті Андреа Ди Майо, Dynamic Parcel Distribution бас атқарушы директоры Борис Винкельман және т.б. қатысты. 

Форум «Инновациялар және технологиялық кәсіпкерлік», «ЕАЭО цифрлық күн тәртібі: бастамалар мен жобалар», «Өнеркәсіпті цифрландыру (Индустрия 4.0)», «ЕАЭО-да ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялау» атты тақырыптық сессиялар бойынша жұмысын жалғастыруда.