05 жел, 2017 сағат 14:48

Сағынтаев: Біз мұнай бағасы 40 доллар болғанда да өмір сүрдік

Астанада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі мемлекеттік аппаратқа сабақ болғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінде бюджеттің 43%-ы шикізаттық сектор түсімдерінен қалыптасады. Егер дәл осы бағытты ұстана берсек, онда алдымызға қойған мақсаттарға жете алмасымыз түсінікті. Осынау шикізат саласына да технологиялық жаңарту жүргізіп, шығындарды төмендетуміз қажет. Тіпті, қазіргідей баға болып тұрғанның өзінде мол кіріс алуымыз керек. Мұнай баррелі 100 доллардан асқан кезде біздікі бірыңғай шығыстар болды. Бүгінде мұнай бағасы 60 доллар төңірегінде. Дегенмен біз 40 доллар болғанда да өмір сүрдік. Бюджеттен артық шығыстарымызды алып тастадық. Ал бұл бізге көп дүниені үйретті», — деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев шикізаттық сектордағы басымдық үнемі басты назарда болатынын жеткізді.

«Біз Құдай берген басымдықты жоғалтқымыз келмейді. Алайда бәсекеге қабілеттілік арта түсуі қажет. Сондай-ақ әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін экономика өсімін 6-7% көлеміне жеткіземіз десек, онда экономикамыздың өсім драйвері болатын жаңа салалар да керек. Ал бұл жерде әзірлемелер мен жаңа технологияларсыз ешқайда бара алмайсың», — деді ол.

Сонымен қатар премьер-министр қазіргі таңда бизнес өкілдері ғылымға инвестиция сала бастағанын айтып өтті.

«Қазіргі таңда ғылыми әзірлемелерге сұраныс артып келеді. Бұрын оған ешкім қарамаса, қазіргі уақытта бұл салаға үлкен қажеттілік туындап отыр. Біз мұны көріп отырмыз. Сондықтан аталған бағытта жұмыс істеудеміз», — деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.