ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында егін жинау жұмысының уақытылы аяқталуын бақылауға алуды тапсырды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен облыс әкімдерінің баяндамасын тыңдаған соң, Премьер-Министр жауын-шашынның әсерінен негізгі астық егетін өңірлер былтырғы жылмен салыстырғанда егін жинау кестесінен 20-25%-ға қалып келе жатқанын айтты.
Бақытжан Сағынтаев қазіргі ауа-райын қолданып, егін жинау жұмысын уақытылы аяқтауды тапсырды.
«Өздеріңіз көріп отырғандай жауын-шашын кедергі болып, егін жинау уақыты кешеуілдеуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштеріміз 20-25 пайызға төмен. Дегенмен, қазіргі күнгі ауа райының қолайлылығын пайдалана отырып, астық жинау науқанын уақытында бітіруді қолға алуды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Энергетика министрлігіне өңірлерге қосымша жанар-жағармай бөлуді, Ақмола облысы әкімдігінің қазан айындағы берілетін жанар-жағармайын қыркүйекте бөлу туралы ұсынысын қарастыру ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің бақылауына берілді.
Егін жинау жұмысын үйлестіру мен оны күнделікті бақылау Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тапсырылды.