05 мам, 2021 сағат 21:27

Сағынтаев: «Алматы жастары» бағдарламасы келер жылы жалғасады


«Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы келер жылы да жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімінің айтуынша, 2021 жылдың 10-31 наурызы аралығында «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы аясында өтініш мен құжат қабылданды, мұнда бастапқы және қайталама нарықта баспана алу үшін 5 пайыздық жеңілдікпен несие беріледі.

Бағдарлама аясында 1 000 жас отбасыны қамту жоспарланған, олардың арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар бар. Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО-ның және ҒЗИ-ның оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласының және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Бұрын хабарланғандай, биыл түскен 9 741 өтініштің 5 913-і оң шешілді. 30 сәуірде іріктелген алғашқы 500 қатысушыға өтінім сайтында жолдама берілді. Келесі аптада, 7 күннен соң келесі 500 жолдама тапсырылады. Азаматтардың жаппай шоғырлануын болдырмау мақсатында жолдама кезең- кезеңмен беріледі.

«Бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Сондықтан оны жүзеге асыру келер жылы да жалғасады. Өтінімді қабылдаудың басталуы туралы ақпарат бағдарламаның сайтында және БАҚ-да жарияланады»,- деді Бақытжан Сағынтаев.