ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев "Болатхан Тайжан" қорының президенті Мұхтар Тайжанмен теледебаттан бас тартты. Бұған дейін Мұхтар Тайжан әлеуметтік желі арқылы министрді үш тұғырлы тіл және қазақ тарихы туралы ашық пікірталасқа шақырған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тайжанға қатысты айтар болсам, бұл менің қызметіме жатпайды деп есептеймін. Маған ол қызық емес және онымен кездесуді де көздеп отырғаным жоқ!», - деді білім министрі бүгін Үкімет үйінде журналистердің сауалына жауап бере келе. Еске салайық, Үкіметте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салалары бойынша жүзеге асырылуына арналған брифинг өткен болатын.
Айта кету керек, таяуда «Хабар» арнасында Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртанов пен экономист Рақым Ошақбаев ашық пiкiрталасқа шығып, көптеген маңызды мәселенi көтерген едi. Осыдан кейін Мұхтар Тайжан Фейсбук арқылы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті ашық пікірталасқа шақырған-тын.
Ал, былтыр Ерлан Сағадиевтi жаңа оқу бағдарламасына көңiлi толмаған Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан да баспасөз бетiндегi «жекпе-жекке» шақырған болатын.