05 қыр, 2017 сағат 10:09

Сағадиев мектеп тендерімен көп «ойнаған» аймақтарды атады

Ағымдағы жылы республика бойынша 109 мектептің құрылысына Ұлттық қордан 71,7 млрд теңге бөлінген болатын. Соның 45,2 млрд-ы жаңа 56 мектептің құрылысын бастауға бөлінсе, қалған 26,5 млрд теңгесі бұрын басталған 53 мектептің құрылысына құйылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл барлығы 76 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, 1 қыркүйекке дейін 52 мектеп тапсырылды. Жылдың аяғына дейін тағы 24 нысанның құрылысы аяқталады. Қалғаны келесі жылға қалып отыр.

Кейінге қалған кейбір мектептердің құрылысын ертерек бітіруге болатын еді. Алайда бюджет қаражатын уақытында игерілмеуінен құрылыс жұмыстары келесі жылға шегерілді. "Мәселен, Ақмола облысы Щучинск қаласында 750 млн теңгенің мектеп құрылысы кейінге қалып отыр. Ол жақта құрылысшылар арасындағы дау-дамай сотқа дейін жетті. Маңғыстау облысында 1,5 млрд теңгенің төрт мектебі бойынша конкурстық процедуралар кеш өткізілді. Оңтүстік Қазақстан облысында бес мектеп бойынша 600 млн теңге дер кезінде игерілмей қалды. Онда да конкурстық процедуралар кеш ұйымдастырылды", - деді Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тапсырыс аясында мектептерді дер кезінде пайдалануға беру мәселесіне баса назар аударды. Себебі "ағатайлар тендермен ұзақ ойнап жатқаннан кейін балалар мектепке уақытында бара алмай жүреді".