Цифрлық Қазақстан бағдарламасы аясында алдағы жылдары информатика пәні 1 және 2-сыныптардан бастап оқытылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астана қаласында педагог қызметкерлердің тамыз конференциясында айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Конференция барысында Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 5 және 7-сыныптар арасында "Өлкетану" бағдарламасы енгізілді. Мазмұны өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасалды. Осы пәнді сапалы жүргізуіміз қажет. Мұнымен қатар, биыл информатика пәні 3-сыныптан бастап оқытылады. Цифрлық Қазақстан бағдарламасы аясында келер жылдары информатика пәні 1 және 2-сыныптардан бастап жүргізілетін болады. Олардың бағдарламалары дайындалып жатыр. Цифрлық білім беру ресурстары белсенді түрде қолданылуда. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100% жеткізілді. Енді оларды ұстаздар дұрыстап қолдануы тиіс", — дейді Сағадиев.
Сондай-ақ, білім беру саласындағы мәселелер, білім беруді одан әрі дамыту, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған шаралар талқыланды.