1968 жылы Ирак билігінің басына Саддам Хусейн келді. Ирак мұнайдың арқасында едәуір дамып, өркендеді. Әскери күш-қуаты да кейбір араб елдеріне қарағанда әлдеқайда басым болды. Президент Саддам Хусейн шекаралық жер үшін өзімен әлеуеті теңдес Иранмен бірнеше жыл соғысты. Ақыры өзара бітімге келген. Содан араға аз жылдар салып Саддам Хусейннің әскері Кувейтке баса-көктеп кірді. Бұл мұнай үшін күрес еді. Кувейтте мұнайдың көп қоры бар және халықаралық саудада Иракқа қарағанда тауарлары өтімді. Кувейтті басып алуына байланысты бұл аймақтағы жағдай күрт өзгерді. Америка бастап, Еуропаның алпауыт елдері қоштап, бірлескен әскери қарулы күштер Ирак әскерін Кувейттен ығыстырып шығарды. Солай Ирактың өзіне қауіп төндірді. Соны алдын ала сезген Саддам Хусейн өз байлығын қауіпсіздендіру қамына кіріскен.
2003 жылы 18 наурызда Американың жетекшілік етуімен бірлескен әскери құрамдар Иракқа басып кірді. Содан екі күн бұрын түн ортасында Бағдаттағы Орталық банкінің ауласына үш жүк автокөлігі енген. Соның алдыңғысында көмекшісі мен қорғаушылары бар президентің кіші ұлы Кусей Хусейн отырды. Ол ешқандай да есеп айырысу құжаттарынсыз банк қызметкерлерінен 1 миллиард долларды нақты ақша түрінде көлікке салуды талап етті. Президенттің ұлы болған соң банк қызметкерлерінің айтқанға көнбеске амалдары қалмайды. Екі сағаттың ішінде жүк көліктеріне чемоданға салынған 900 миллион доллар мен 100 миллион еуро артылады.
Орталық банктің сол кездегі қызметкері Хамид Сейданидің айтуына қарағанда, сол түні сондай жағдай бүкіл республика көлемінде орын алған. Саддам Хусейннің тікелей берілген бұйрығымен елдің ірі қалалары Басра, Мосул және Киркуктегі банктерден де АҚШ долларлары мен алтындар алынған. Бұйрықты бұлжытпай орындаған Ирак арнайы қызмет агенттері жобамен бес миллиард долларды алып кетсе керек. Содан бір күн бұрын шетелдердегі Саддамның сенімді өкілдері де Швейцария, Ливан және Нидерланды банктеріндегі ақшаларды алу жөнінде бұйрық алған. 2003 жылы 15 маусымда АҚШ-тың сұрауы бойынша Роттердамдағы Саддам отбасының есеп-шотын тексерткенде онда тек 12 доллар ғана қалған екен.
Саддам Хусейннің қисапсыз байлығы бір сәтте қалай жоқ болып кеткен? Шынымен-ақ, бұл ХХІ ғасыр құпиясы болып қала ма?
Америка әскері Саддамды бірнеше айға созылған іздестіру барысында 2003 жылы 13 желтоқсанда Ад-Даур елді мекеніндегі жерасты төледен тапты. Ол жатқан жерде бар-жоғы 750 мың доллар бар екен. «Форбс» журналының сол жылдың қаңтар айындағы жарияланымына қарағанда, әлемдегі ең бай адамдар тізімінде Саддам үшінші орында тұрды. Бірақ сол байлық оған бақыт әкелген жоқ. Ұлы Кусей және оның әйелі Сахар, қызы Рана, ұлы Удей 2003 жылы ату жазасына кесілді. Қыздары Рагад пен Хала және әйелі Саджида қазір Иорданияда тұрып жатыр. Ал немересі Али, күйеу баласы Камель және Саддам Хусейннің өзі де сол 2003 жылы өлім жазасына кесілді.
АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Дэвид Ауфхаузердің мәліметі бойынша, Саддамның Швейцария банкіндегі есеп-шотында 6 миллиард доллар болған. Оның басқа елдердегі ақшаларын қосқанда жалпы саны 40 миллиард долларды құрайды деген сөз де айтылып жүр. Өзге де дерек көздерінен түскен мәліметтер оның ақшасының бұдан әлдеқайда көп болғанын білдіреді.
1991 жылдан бастап, Хусейн Ирактың экспортқа шығарылған мұнайының 5 пайызын өзінің есеп-шотына түсірткізіп отырған. Ирак премьер-министрі Нури аль-Малики осы көрсеткіштерге сүйене отырып, өз пікірін ортаға салуда. Ол 2003 жылғы 20 наурызға дейін Саддамның «қаржы қалтасында» 57 миллиард доллар болған дейді. «Аль-Ирак» телеарнасы халыққа одан да зорын хабарлапты. Саддамның барлық жинағандары әлемнің ең үлкен компанияларының акциялары мен құйма алтын мен платина, өңделмеген алмаздарды қосып есептегенде 100 миллиард доллардан аспаса, бір мысқал да кем емес деген хабар таратқан. Бұл «Microsoft»-тың негізін қалаған Билл Гейтс пен Бруней сұлтанының байлықтарын қосқанның өзінде Саддамның қаржысына жетпейтінін көрсетеді.
− Көрші елдерге есептен тыс жөнелтілген мұнай өнімдері Саддамға орасан зор кіріс әкелді, − дейді Хусейн кезіндегі Ирак қаржы министрлігінің белді қызметкері Ахмед аль-Нуралла. – Ол 2002 жылдың өзінде 3 миллиард доллар пайда тапты. Мұндай табыс тек мұнайдан ғана түскен жоқ. Иракта жұмыс істейтін кез келген шетел компаниялары елдің рыногіне кіргені үшін оның балалары Удей мен Кусейге 100 мың доллар салық төлеп тұрған. Сондай-ақ, табыстарының 3 пайызын да солардың есеп-шоттарына аударып отырса керек. Оларға түсіп жатқан табыс мұнымен шектеліп қана қойған жоқ. Ирактан шетке шығарылған апельсиннің әрбір тоннасынан Саддамның отбасы 20 доллар салық алып отырған. Сол секілді шылымның әрбір жәшігінен 5, әрбір бөшке бензиннен 4 доллардан ұстаумен болған. Удейдің мыңға жуық бриллиантының әрқайсысының бағасы жарты миллион доллар тұрды. 1968 жылы мемлекеттік төңкерістен кейін Саддам Хусейн өкімет басында 35 жыл тұрды. Осы жылдар бедерінде өзінің, болмаса, отбасының қаржысы еш жерде, ешқандай елде жарияланған емес.
2005 жылы 19 қазанда Саддам Хусейнге сот болды. Сот үкімімен ол 2006 жылы 30 желтоқсанда өлім жазасына кесілді. Үкім Бағдадтың түрмесінде асумен жүзеге асырылды. Тергеу кезінде қанша қинап сұраса да, Саддам өзінің байлығының қайда жасырылғанын айтпаған. Америка қаржы министрлігінің қолдауымен қазір елдің барлау бөлімі Саддам ақшасын іздестіру үстінде. Таяу Шығыс елдері банктерін 8 жыл бойына тексеру барысында Саддам Хусейннің атында тұрған 1,2 миллиард долларды ғана тапқан. Тіпті оның жартысы Ирактың өзінде болып шықты.
Дегенмен, Саддамның қазынасы қайда жоғалып кетті?
− Алғашқыда Саддам америкалықтар басқа елдермен бірлескен қарулы күштерімен басып кіретініне сенген жоқ деген пікір бар, − дейді Күрдістан парламентінің депутаты Насих Гафур. − Ол да мүмкін. Бірақ ол орасан зор қазынасын өте сақтықпен жасырған. Мен кезінде КСРО-да оқыдым. Орыс халқында «Барлық жұмыртқаны бір корзинаға салып қоюға болмайды» деген мәтел бар. Саддамның бүкіл байлығын бір елде сақтауы мүмкін емес. Саддамның қызы Мосул мен Саддамның екінші әйелі Самира Шахбандардан туған үшінші ұлы Али Хусейн ізім-қайым жоғалып кеткен. Американың арнайы бөлім қызметкерлері оларды Швейцариядан және Ливаннан іздеп таба алмады. Самираны «Саддамның үй есепшісі» деп атайтын. Өйткені ол отбасылық шығынды есептеп отыратын. Австралиядағы «Геральд сан» газеті 2003 жылы 17 желтоқсанда Самираның Бейрутке телефон шалғанын жеткізген. Содан кейін Хусейн тұтқындалып, ал Самираның өзі жоғалып кетті.
Елдің премьері Нури аль-Маликтің аппаратындағылар америкалықтар елге басып кірер алдында Саддам байлығының біраз бөлігін Ресейге аударуы мүмкін деген болжам айтады. Мұны Ресейдің Ирактағы дипломатия өкілдері естіген. Осы болжам бойынша Бағдад билігі Мәскеуде тұрып жатқан Ирактың Хусейн кезіндегі елшісі Аббас Халафты елге қайтаруды сұрап жатыр. Бұл болжамның рас-өтірігін айту қиын. Алайда Бағдад билігі Саддамның долларлары жылжымайтын мүліктерге салынып, Мәскеудің құрылысын жүргізуі бек мүмкін деп жорамал жасауда.
Сонымен Саддам долларлары елден қалай шығарылды? Шынымен-ақ оның Мәскеуге қаржы аударып, жылжымайтын мүліктер құрылысына қатысқаны рас па? Бәлкім, жай сөз болар. Мұның анық-қанығын алдағы уақыт көрсететін болады.