06 жел, 2017 сағат 10:14

Саакашвили Порошенконы "сатқын" деп атап, биліктен кетіруге шақырды (Видео)

Михаил Саакашвили Киевте 5 желтоқсанда өткен митингіде Украина президенті Петр Порошенконы "сатқын" деп атады. Ол украин халқын Жоғарғы Рада алдына қарсылық акциясына шығуға және іс басындағы президентті биліктен кетіруге шақырды, деп жазады Азаттық.

Ол 5 желтоқсанда қауіпсіздік қызметінің өзін ұстауын "арандату" деп атап, украин билігі мен арнайы қызметін Кремльмен байланысы бар деп айыптады. Саакашвилидің өзі Ресеймен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарып, өзін Ресей президенті Владимир Путиннің "басты жауымын" деп атады. Азаттықтың Украин редакциясының видеотрансляциясына қарағанда, қарсылық акциясына мыңдаған адам қатысып жатыр.

Грузияның экс-президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили Украинада оппозициялық "Жаңа күштер қозғалысын" басқарады. 2017 жылдың жазында ол украин азаматтығынан айырылған. 5 желтоқсанда украин арнайы қызметі мен полиция Киевте Саакашвилидің пәтерін тінтіп, өзін ұстаған. Бірақ жақтастары қарсыласып жүріп, оны арнайы қызмет көлігінен шығарып, босатып алған. Украина билігі оны мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды және Виктор Януковичке жақын олигарх Сергей Курченкодан жарты миллион доллар қаржы алды деп айыптайды.

Саакашвили жақтастары өзін босатып алған соң наразы топты "Майданға" баруға үгіттеп, "Украинаны президент Петр Порошенконың бандасынан" азат етуге үндеді.

"Әскер - біздің жағымызда" деген Саакашвили бейбіт шеруді қалайтынын да айта кетті. Саясаткер жақтастарымен бірге Жоғарғы раданың ғимараты алдында митингісін жалғастырды.

Порошенкоға импичмент жариялауды талап еткен митинг Киевте қазанның ортасынан бері өтіп келеді. Жоғарғы Рада алдында демонстранттар шатыр тіккен.