01 ақп, 2018 сағат 10:30

Рустам Иноятов Мирзеевтің кеңесшісі болды

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) орнынан алынған басшысы Рустам Иноятов президенттің саяси-құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент Шавкат Мирзияев Рустам Иноятовты жаңа қызметке 31 қаңтарда тағайындаған.

ҰҚҚ-ны 23 жылға жуық уақыт басқарған 73 жастағы Рустам Иноятовтың орнынан алынғаны 31 қаңтарда мәлім болған. Оның орнына осыған дейін бас прокурор қызметін атқарған Ихтиер Абдуллаев тағайындалған.

«Өзбекстан Республикасы Конституциясының 93 бабы, 24 тармағына сәйкес, Өзбекстан Республикасы президентінің 2018 жылдың 31 қаңтарындағы №УП-5317 жарлығына сәйкес, Рустам Расулұлы Иноятов Өзбекстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымынан босатылып, Өзбекстан Республикасы Президентінің саяси-құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік кеңесшісі қызметіне тағайындалды»,-делінген Өзбекстан басшысының жарлығында.

Өзбекстан үкіметіндегі бірнеше дереккөзі мен үкіметке жақын адамдар бұған дейін Иноятовтың 25 қаңтар күні отставкаға кету туралы президентке өтініш білдіргенін хабарлаған еді.

Рустам Иноятов экс-президент Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан бері қызметінен ауыстырылмаған жоғары шенді аз ғана шенеуніктің бірі болған еді. Иноятов басқарған 23 жылға жуық уақытта Ұлттық қауіпсіздік қызметі Өзбекстандағы ең жабық және құзыреті жоғары құрылым болды.