16 ақп, 2022 сағат 17:45

Руслан Ысқақов Қазақстанның Даму банкін басқарады


Руслан Ысқақов Қазақстанның Даму банкін басқарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Бәйтерек» ұлттық холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ акционерінің шешімі бойынша Руслан Викторович Ысқақов 16 ақпаннан бастап «Қазақстанның Даму банкі» АҚ (ҚДБ) басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Ол бұған дейін холдингтің еншілес ұйымы - «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-ны басқарды», - делінген хабарламада.


ҚДБ ұжымына жаңа басшысын «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев таныстырды.

«Руслан Викторовичтің қаржы ұйымдарында 18 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар, алты жыл бойы КаzakhExport-ты басқарды және бүгіннен бастап Қазақстанның Даму банкінің басшысы болып тағайындалды. Іс-әрекеттегі меритократия қағидаты туралы айтқым келіп отыр: банк нарығында және біздің холдингте табысты жұмыс істеген адам енді ең жоғары позициялардың біріне жетті. Оны қолдап, бірге табысты жұмыс істейсіздер деп сенемін», - деді Шарлапаев ҚДБ ұжымына арнаған сөзінде.

Руслан Искаков 1980 жылы туған. 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітіріп, экономист-менеджер біліктілігіне ие болды.

2004-2006 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ Тәуекел менеджменті департаментінің қызметкері болып жұмыс істеді.

2006-2008 жылдары – «Казкоммерцбанк» АҚ Тәуекел менеджменті департаменті Жобалық тәуекелдерді талдау басқармасының бастығы.

2010-2011 жылдары – «Сбербанк России» АҚ ЕБ АФ Корпоративтік клиенттер бөлімінің бастығы.

2011-2014 жылдары – «Сбербанк России» АҚ ЕБ Ірі клиенттер департаменті директорының орынбасары.

2014-2015 жылдары – «ҚазЭкспортГарант» СК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

2016 жылдың ақпан айынан бастап «KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.

Сонымен қатар, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «Baiterek Venture Fund» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі және Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті ретінде ақы төленбейтін қызметтерді атқарады.

Айта кетейік, «KazakhExport» ЭСК» АҚ басшысының міндеттері ағымдағы жылдың 16 ақпанынан бастап компанияның Басқарма төрағасының орынбасары Жақсыбаев Рауан Өмірбекұлына жүктелді.