17 шіл, 2020 сағат 12:38

Рұқсатсыз жұмыс істеген дәріханалар 2,7 млн теңге айыппұл төлейді

Рұқсатсыз жұмыс істеген дәріханаларға 2,7 млн теңге айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келесі анықталған бұзушылық - дәріханалардың рұқсатсыз жұмыс істеуі. Мұндай жағдайлар Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында анықталды. Нәтижесінде Түркістан облысындағы дәріхана жабылды. Ал қалған фактілер бойынша материалдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаменттеріне жолданды», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, жоғарыда көрсетілген кемшіліктер үшін Әкімшілік құқық бұзу кодексінде 2,7 млн теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. 

«Егер заңбұзушылық қайта орын алса, фармацевтикалық қызметке арналған арнайы рұқсаттың қолданысы 6 айға дейін тоқтатылады», - деді Ғанижан Асанұлы.