«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, еліміздегі «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Бұл жоба ауылдардағы мектептер, кітапханалар мен мәдениет үйлерінің кітап қорын байыту мақсатында жүзеге асырылып жатса, ауылдағы ағайын тек алғысын жаудырып жатыр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бүгін осы жоба барысында аталған институт Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапхана қорына 100-ден астам кітап пен журнал табыстады.
«Ауыл – әр қазақтың түбі екені рас. Адам ауылдан көшкенімен, ауыл адамнан көшпейді деген де рас. Қандай әдемі сөз иә? Бүгін ауылымызға жүздеген кітаптың келуі ауылдың ғана емес, ұрпақтың болашағы деп білеміз. Кітап үлкен қазына ғой. Біздің ауылдың балаларының зейіні жақсы, ауыл кітапханасын «кеміріп» тауысқан деуге болады. Ал жаңа кітаптардың келуі жастарды ғана емес үлкендерді де шексіз қуанышқа бөледі. Біз ауыл тұрғындары, осы орайда, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Бұл ұрпақ алдындағы парыз болып отыр. Қазіргі заман күшпен емес, біліммен алатын уақыт. Балаларымыздың көз қуанышы болған жүздеген кітапр жүздеген жылдарға жетсін деп тілейміз», - дейді ауыл тұрғыны Альбина Ақтөреқызы.
Өздеріңіз білетіндей, барлық дарынды тұлғалар ауылдан шыққан. Ауыл баласының білімі әрқашан ерекше болған. Дарынды да, талантты да, өнерді де ауыл ішінен табатынымыз сөзсіз. Осы мақсатта, түрлі жобалар жүзеге асырылып жатқаны да рас. Осы орайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» және аймақтық жобалық кеңселері де «Ауылыма кітап» акциясына белсенді ат салысып жатыр. Бүгін біз әлемдік үздік кітаптардың қазақ тіліне аударылған нұсқасын Қабанбай ауылының жастары мен балаларына арнап табыстап жатырмыз. Ауылдық жерлердегі кітапхана қорының сапасы қалалық, республикалық мектептердегі қорлардан ерекшеленеді. «Ауылыма кітап» акциясы дәл осы түйіткілді мәселені шешуге бағытталған», деген «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Серікқазықызы.
Осылайша, ауыл кітапханасының қорына 100-ден астам ғылыми, көркем және публицистикалық, сондай-ақ балалар әдебиетіне қатысты еңбек жеткізілсе, жобаны ұйымдастырушылар мен үйлестірушілер барлық ынталы азаматты аталмыш акцияға қатысуға шақырды.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапхана қорына жеткізілген кітаптардың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі гуманитарлық 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған әлемдік озық университеттердің гуманитарлық бағыттағы оқулықтары мен кітаптары да бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін ілгерілету және ауыл мектептерінің кітапханалық қорын кеңейту жолымен жекелеген елдімекендердегі өскелең ұрпақтың жоғары азаматтық және рухани-өнегелік бағдарын қалыптастыру.
«Акцияға қатысуға бастамашыл топтарды, коммерциялық ұйымдарды және ауыл-аймақтағы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бей-жай қарай алмайтын барлық адамды шақырамыз. Ол үшін өз қалаңызда өзіңізге жақын «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне кітапты жинап, жеткізіп берсеңіз болғаны», – дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас.
Айта кетейік, ауылдық жерлердегі кітапхана қорын сапалы кітаптармен толықтыру мақсатында Отбасы күніне орай елімізде республикалық деңгейдегі «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Бұл акция ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы институтын зерттеу орталығы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуетімен жүзеге асып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Кітап жинау және табыстау» шаралары республикалық деңгейде барлық елді-мекенде тамыздың 16 мен қыркүйектің 20 аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, еліміздегі «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкерлері «Ауылыма кітап» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Бұл жоба ауылдардағы мектептер, кітапханалар мен мәдениет үйлерінің кітап қорын байыту мақсатында жүзеге асырылып жатса, ауылдағы ағайын тек алғысын жаудырып жатыр. Бүгін осы жоба барысында аталған институт Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай ауылының Мәдениет үйінің кітапхана қорына 100-ден астам кітап пен журнал табыстады.
