Фото: Gov.kz
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс-шарада ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли министр Аида Балаеваның құттықтау хатын табыс етті.
«Роза Қажығалымқызы – қазақ прозасы мен драматургиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, оқырманның жүрегіне жол тапқан қаламгер. Бүгінгі іс-шара – Роза Қажығалымқызының әдебиет, театр, кино және педагогикадағы жарқын жолын тереңінен тануға мүмкіндік береді деп сенемін»,– делінген министрдің құттықтау хатында.
Фото: Gov.kz
Конференцияға Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар мен театртанушылар, өнертанушылар және шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты.
Конференция аясында Роза Мұқанованың шығармашылығы негізінде түрік тілінде жазылған Сабина Саидтың кітабы мен ұжымдық монография және фотокөрменің тұсаукесері өтті. Сонымен қатар Сатыбалды Нарымбетовтің Роза Мұқанованың әңгімесі негізінде түсірілген «Қызжылаған» фильмі көрсетілді.
Фото: Gov.kz
Іс-шара барысында конференция қатысушыларына ҚР Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «Розаның әдебиет әлемі» атты жеке қорынан құжаттар көрмесі ұсынылды. Көрмеде жазушының журналистика мамандығы бойынша дипломдары, куәлігі мен марапат құжаттары және «Қызжылаған», «Мәңгілік бала бейне», «Муза» сынды тағы да басқа драмаларының қолжазбалары, театрлық афишалар, әкесі Қажығалым Мұқановтың қолжазбалары, отбасылық фотосуреттері таныстырылды.