Елордада Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақ әуендері» АҚ-ға сілтеме жасай отырып.
Концертте Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Ғайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Зарина Алтынбаева, Әміре, Рухия Байдүкенова, Жанэт (Беларусь), Хулкар Абдуллаева (Өзбекстан), Мирбек Атабеков (Қырғызстан) және өзге де танымал әртістер өнер көрсетті.
Сонымен бірге даңқты тұлғаның немересі, он жасар Үрбибі Бағланова да сахнаға көтерілді. Айта кетейік, Роза Бағланованың азан шақырылып қойған негізгі есімі - Үрбибі болған.
Сондай-ақ концертке әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, Р.Бағлановамен бірге 24 жыл етене қызмет еткен продюсер Қуаныш Әбдіқалымов та келді.
Концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті.
Алдағы уақытта Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында мерейтойлық концерттер және Нұр-Сұлтан қаласында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурс ұйымдастырылмақ. Әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб пәтерінде аталып өтеді.
Роза Тәжібайқызы - Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмірінің 70 жылдан астам уақытын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болды, 25 тілде ән айтты.