Челябинскіде өткен Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтыстығы форумы аясында «Байқоңыр» кешені бойынша келісімдердің құқықтық негіздерін толықтыру бойынша шартқа қол қойылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Роскосмос баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Александр Иванов пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов 1994 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған РФ Үкіметі мен ҚР Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін Жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойды.
«Хаттамада «Байқоңыр» кешенін жалға беру шарты шеңберінде Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасынан жалға алатын территориялардың координаттары нақтыланған», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ РФ денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова мен ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің арасындағы 2009 жылдың 17 қарашасында қабылданған «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына жалға беру шартына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметкерлеріне, Байқоңыр қаласының, Торетам және Ақай елді мекендерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі жайлы» Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойды.
Қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды элементі болып табылатын «Байқоңыр» кешені бойынша екіжақты құқықтық базаны толықтыра түседі.