ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне өз отставкасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отставкалар туралы әңгіме жеке маған ғана қатысты мәселе емес. Ойлап қарасақ, әңгіме еліміздің болашағы туралы болып отыр. Не болып жатқанын өздеріңіз қараңыздар. Кейбір қауымдастықтардың басшылары өз проблемаларымен емес, автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен айналысып жүрген сыңай танытып жүр. Ертең олар өзге саладан табылуы мүмкін», - деді вице-премьер.
Cондай-ақ ол қоғамды утилизациялық алым мәселесінде популистік ұрандарға ермеуге үндеді.
«Түптің түбінде олар өз ісімен айналысуы керек қой. Өздерін жақсы жағынан танытып, түрлі сандармен, сөздермен қоғамның пікіріне шебер манипуляция жасай алатын саясаттанушылар бар. Әрине, бұл олардың жұмысы шығар. Бірақ неге біз ондайға еруіміз керек? Егер біз келешекке сеніммен бет алған болсақ және өнеркәсібі дамыған ел болғымыз келсе, популистік ұрандарға ермеуіміз керек», - деді Роман Скляр.