Айтыскер ақын Ринат Зайытов Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұл ақпаратты театрдың PR-менеджері растады.
"Бүгін Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев келіп тағайындады. Бұған дейін бұл қызметті атқарған кісі басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз өтінішімен қызметінен кетті", - деді теардың PR-менеджері.
Айтуынша, Ринат Зайытов қазір театрды аралап, жұмыс орнымен танысып жатыр.
Ринат Зайытов 1983 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжін "Драмалық театр актері" мамандығы бойынша тәмамдаған. Диплом алғаннан кейін Семейдегі мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Осылайша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болады.
Айтысқа 17 жасынан бастап араласа бастаған. Семейдегі жастар театрында қызмет етті. Аймақтық, республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы.
"Аягөз ауданының құрметті азаматы, "Астананың дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің иегері.
Үйленген. Бес баласы бар.