14 қыр, 2022 сағат 17:14

Рим Папасының Ресейге келе алмайтыны өкінішті – дін қызметкері

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары VII съезінің аясында Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін месса шарасына келген ресейлік дін қызмектері шараны тарихи маңызы бар оқиға деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл шараға жалғыз келдім. Мен - Ресейдегі грек-католиктердің орденариатының өкілімін. Рим Папасының арнайы келіп, діндестерімен кездесуі әрқашан маңызды тарихи оқиға болып есептеледі. Папаның Ресейге келе алмайтыны өкінішті. Бірақ бұл Қазақстанға келіп тұрған бірінші Рим Папасы емес екенін білеміз. Қайта Қазақстанға келіп Рим Папасымен кездесе алатынымыз көңіл қуантады», - деді пірәдар Иван. 

Ресейлік мейман астанадағы ауа райының мессаға келушілер үшін жайлы болып тұрғанын атады. 

«Қазақстанға жиі келіп тұрамын, жалпы. Бүгін астанадағы күн райының жаймашуақ болып тұруын адам тілімен айтсақ, сәйкестік деуге болатын шығар. Ал құдай нанымымен айтсақ, жаратушының құдыреті деп түсіндіруге болады. 

Рим Папасы болған түрлі кездесулерде, түрлі елдерде болдым. Ол келген кезде жергілікті күн райы түбегейлі өзгереді. 40 градус аптап кезінде Рим Папасының діни қызмет жасағаны есімде қалыпты. Дұға басталған кезде аспанды бұл торлап, күн райы салқындап шыға келген болатын», - деді діни қызметкер. 

Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген. 

Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысады. 

Кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съездің арнайы қонағы Рим Папасы Францискті елорда әуежайынан күтіп алды. 

Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті. 

Кездесуде католик шіркеуінің басшысы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқанына жоғары баға беріп, Қазақстан Конституциясының наным-сенім бостандығының кепілі екенін атады. 

Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатыспақ.