27 сәу, 2021 сағат 09:48

Резервтік қордағы 26 мыңнан астам төсек-орында науқастар ем алып жатыр - Цой


Резервтік қордағы 26 мыңнан астам төсек-орында науқастар ем алып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, 27 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, республикада алдын ала дайындалған инфекциялық төсек-орындардың 41 пайызында және реанимациялық төсек-орындардың 28 пайызында науқастар ем алып жатыр. Бұл ретте инфекциялық төсек-орындардың Маңғыстау облысында - 58, Алматы қаласында - 57, Алматы облысында - 57 және Нұр-Сұлтан қаласында 56 пайызы бос емес. 

«Шамамен 62 мың төсек-орынды құрайтын, оның ішінде 9 700 төсек-орын бар резервтік қор құрылды. Бүгінде резервтегі қордан 26 122 төсек-орын Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласын қоспағанда еліміздің барлық өңірлеріндегі инфекциялық стационарларда, көпбейінді ауруханалардың бөлімшелерінде жұмылдырылды», - деді ол. 

Сонымен қатар Алексей Цой реанимациялық төсек-орында ем алып жатқан науқастардың Батыс Қазақстан облысында 57, Алматы қаласында 55 және Нұр-Сұлтан қаласында 54 пайызды құрайтындығын баса айтты.