Қытай бір топ дәрігерін Солтүстік Кореяға жіберді. Бұл туралы құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Агенттіктің жазуынша, дәрігерлер сапары Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынның дәрігерлер кеңесіне мұқтаждығымен байланысты болуы мүмкін.
Қытай дәрігерлерінің сапары Солтүстік Корея басшысының денсаулығы туралы қарама-қайшы ақпараттар тараған уақытпен тұспа-тұс келіп отыр. Сәуір айының ортасында оңтүстіккореялық басылым Ким Чен Ынның жүрегіне операция жасалғанын хабарлаған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмады.
Reuters-тің Оңтүстік Кореядағы дереккөзінің айтуынша, Ким Чен Ын тірі және жақын арада жұрт алдына шығуы мүмкін. АҚШ барлау қызметіне жақын дереккөзі Ким Чен Ынның шынымен ауырғанын растады. Алайда Солтүстік Корея басшысының халі ауыр деп айтуға негіз жоқ.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео журналистерге әзірге Вашингтонда Ким Чен Ынның денсаулығы туралы ақпарат жоқ, бірақ жағдайды мұқият бақылап отыр деп айтты.
Соңғы рет Солтүстік Кореяның ақпарат құралдары Ким Чен Ынның қай жерде екенін 11 сәуірде хабарлаған. Алайда оның 15 сәуір күні атасы Ким Ир Сеннің туған күніне арналған салтанатты шараға қатысқаны-қатыспағаны белгісіз.
Reuters-дің жазуынша, Ким Чен Ынның денсаулығы темекі тарту, артық салмақ және жүрек-қантамыр ауруларына байланысты нашарлауы мүмкін.