04 қыр, 2017 сағат 15:30

Ресеймен шекаралас Қазақстан жолдары ақылы болады

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай алдағы уақытта ақылы болатын автожолдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы «Астана-Теміртау» (132 шақырым) мен «Алматы-Қапшағай» (42 шақырым) жолдарында төлем қабылдау жүйесін монтаждау жұмыстары басталды. Екінші жартыжылдықта «Алматы-Қорғас» (295) автожолында жүйені құрастыру шараларын бастау жоспарланып отыр. Жыл соңына қарай аталған учаскелерде жүйені іске қосу көзделген.

«Сонымен бірге жылдың аяғына дейін 5,5 мың шақырым жолға ақылы жүйені енгізуге жобаны даярлау жұмыстарын аяқтау жоспарланған («Қапшағай-Талдықорған», «Астана-Қостанай-РФ шекарасы», «Павлодар-РФ Шекарасы», «Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы», «Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы», «РФ шекарасы-Ақтөбе-Қызылорда», «Тараз-Қайнар», «Щучинск-Көкшетау-Петропавл-РФ шекарасы», «Орал-РФ шекарасы», «Астана-Павлодар», «Ақтау-Бейнеу», «Қызылорда-Шымкент-Тараз», «Шымкент-Өзбекстан шекарасы»)»,-деп жазды ресми өкіл.

Оның айтуынша, ақылы тәртіпті енгізу мен жүйені ары қарай пайдалану аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражатының ортақ қаржыландыруымен әлемге танымал компаниялардан инвестиция тарту көзделген. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ҰК тарапы 150 млн АҚШ долларына ЕҚҚДБ займын тарту бойынша жұмыстарды жүргізуде.

Жалпы 6,5 мың шақырым жолды ақылы жүйеге ауыстыру көзделген.