23 қыр, 2022 сағат 17:45

Ресейліктер легіне байланысты ХҚКО-лардағы жағдай айтылды


"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Ресей азаматтарының легі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектерге әсер етпегенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Корпорация халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесін өзгертуге Қазақстанға шетелдіктердің келуі себеп болмағанын хабарлады.

"Клиенттер ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын ұлғайтуды бұрыннан сұраған, себебі жұмыс күндері мемлекеттік қызметтерді алуға үлгермейді. Осыған байланысты Мемлекеттік корпорация клиенттерге ыңғайлы болуы үшін алдымен кезекші ХҚКО-лар жұмысын қайта бастады, олар жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін және сенбі күндері 13:00-ге дейін жұмыс істейді, ал осы аптадан бастап кезекші мамандандырылған ХҚКО жұмысты қайта бастады", - деді "Азаматтарға арналған үкіметтің" Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Нариман Дүйсекеев.

Қазақстандықтар сенбі күні жүргізуші куәлігін алу, көлік құралдарын тіркеу, сондай-ақ мемлекеттік нөмір беру қызметтеріне жүгіне алады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мәліметінше, өткен аптада 12 798 адам ЖСН алуға өтініш берген.

"Осы аптада клиенттер саны 10 354 болды. Сондай-ақ, мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы бақылау камераларының жазбаларын зерттей келе, халыққа қызмет көрсету орталықтарында клиенттердің жиналуы анықталмады", - деп қорытындылады компания өкілдері.