25 қар, 2020 сағат 04:09

Ресейлік "Спутник V" екпесінің бағасы "20 доллардай" болады

Ресейлік "Спутник V" вакцинасын қаржыландырушылар мен жасаушылар халықаралық нарықта екпенің екі дозасы 20 доллардай болады, ал ресейліктер тегін алады деп мәлімдеді. Бір адам бұл екпенің екі дозасын алуы тиіс. Ресейлік екпенің әлемдік нарықтағы бағасы 24 қарашада жарияланды.

"Спутник V" екпесі Pfizer вакцинасынан (екі дозасы 31 еуро) арзан, бірақ Оксфорд пен AstraZeneca вакцинасынан (бір дозасы 3 доллар) қымбат.

Ресейдің тәуелсіз қоры (РФПИ) мәлімдемесінде Мәскеу мен оның шетелдегі серіктестері келесі жылы 500 млн адамға жететін бір миллиардтан аса доза жасауға қауқарлы деп мәлімдеді.

24 қарашада РФПИ, Ресей денсаулық сақтау министрлігі және "Спутник V" вакцинасын жасаған мемлекет қаржыландыратын Гамалеи атындағы ұлттық орталық екпе 28 күннен соң 91,4 пайыз, 42 күннен соң 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеді.

Олар сынақ кезінде 22 мың ерікті бір доза, 19 мың ерікті екі доза алғанын мәлімдеді. Гамалеи атындағы орталықтың дерегінше, сынақ Ресей, БАӘ, Венесуэла, Беларусьте өткен.

Осыған дейін америкалық-германиялық Pfizer/BioNTech, америкалық Moderna және Англияда Оксфорд пен AstraZeneca өздерінің вакцинасы 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген.

16 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес бойынша жиында елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары барын мәлімдеген.