17 ақп, 2021 сағат 04:21

Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза өзін аңдып жүргенін айтты

Ресейдің оппозициялық саясаткері әрі қоғам қайраткері Владимир Кара-Мурза Мәскеуде біреулердің аңдып жүргенін байқаған. Ол бұл туралы The Insider басылымына айтты.

Кара-Мурзаның сөзінше, азаматтық киімдегі адамдар алдымен оның көлігінің артынан У 563 СА нөмірлі машинамен жүрген, кейін ол қоғамдық көлікке отырғанда әлгі адамдар соңынан ерген. Оппозиционер кафеге кіргенде көрші үстелге күдікті адамдар отырғанын айтады.

Bellingcat зерттеу тобы 563 СА нөмірлі автокөлік Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) тіркелгенін айтты. The Insider басылымы жариялаған суреттердің бірінде бұл көлік Ресей президенті әкімшілігінің ғимараты жанында тұрақта тұр.

11 ақпан күні Bellingcat тобы Навальныйды былтырғы улануына дейін аңдып келген ФСБ қызметкерлері Кара-Мурзаны да аңдыған деп мәлімдеді. Кара-Мурза 2015 және 2017 жылдары екі рет улану белгілерімен ауруханаға түскен. Bellingcat тобы ФСБ қызметкерлерінің саясаткерді уланарында алдында аңдып жүргенін айтады.

"Сәйкес келетін сапарларының саны – жеті бағыт, 14 рейс – мұның статистика тұрғысынан кездейсоқ сәйкестік болуы мүмкін екенін көрсетеді. Кара-Мурза танымалдығы мен аңдудың тұрақты сипаты ФСБ-ның осы тобы жасаған өзге қастандықтарға едәуір ұқсайды" дейді Bellingcat.

  • 2015 жылы әріптестерімен кездесуі кезінде Владимир Кара-Мурзаның хәлі күрт нашарлаған. Дәрігер интоксикация салдарына бүйрегі сыр берген деді. Саясаткер ұзақ уақыт бойы комада болды. Францияда жасалған сараптама саясаткердің ағзасында ауыр металл мөлшері шамадан тыс жоғарылап кеткенін анықтаған. Бірақ Ресейдің сот-медициналық сараптамасы улануды растамады.
  • 2017 жылы ақпанда оппозиционер ауыр хәлде Мәскеу ауруханасына түсті. Ауру белгілері 2015 жылғы жағдайдағыға ұқсас болды. Дәрігерлер тірі қалу ықтималдығы бес пайыздан аспайды деген. Бірақ саясаткер тірі қалып, есін жия алды.
  • Кара-Мурзаның өзі бұл жағдайдың артында Ресей билігі тұр деп санайды. Азаттық радиосы Орыс қызметіне берген сұхбатында ол "Бұл – қасақана улау. Оған менің Владимир Путиннің жақын айналасына қарсы жекелеген Батыс санкцияларын салуды алға жылжыту бойынша көп жылғы жұмысым себеп" деген. Кара-Мурза – АҚШ-тың 2012 жылы қабылданған "Магнитский заңын" қабылдауға ықпал еткен Ресей саясаткерлерінің бірі. Заң бұрынғыдай бүкіл елді емес, жекелеген адамдарды санкциялауға мүмкіндік берді. Осы заң аясында Ресейдің адам құқығын бұзуға қатысы бар деген шенеуніктері мен бизнесмендеріне санкция салынды. Санкциялық тізімге кіргендердің АҚШ-тағы мүлкі бұғатталып, олардың елге кіруіне тыйым салынады.