10 қар, 2020 сағат 05:45

Ресейлік Ми-24 тікұшағын Арменияның Әзербайжанмен шекарасында атып түсірді

Арменияның Әзербайжанмен шекарасындағы әуе кеңістігінде ресейлік Ми-24 тікұшағын жылжымалы зениттік зымыран кешенінен (ЖЗЗК) атқан, экипаждың екі мүшесі қаза тапты, тағы біреуі жарақат алды. Бұл туралы дүйсенбіде Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«9 қарашада Мәскеу уақытымен 17:30 шамасында Армения Республикасының аумағы бойынша 102-ші Ресей әскери базасының автоколоннасымен Нахичеван Автономиялық республикасының (Әзербайжан Республикасы) шекарасына жақын орналасқан Ерасх армян елді мекенінің жанындағы әуе кеңістігінде ресейлік 

Ми-24 тікұшағына ЖЗЗК-дан оқ жаудырған. Зымыран соққысының салдарынан тікұшақ басқаруды жоғалтып, Армениядағы таулы аймаққа құлаған», - деп хабарлады ресейлік әскери ведомство. 

«Екі адам қаза тапты. Орташа ауырлықтағы жарақат алған біреуі орналасу әуе айлағына эвакуацияланды», - деп атап өтті Қорғаныс министрлігінен.

Ми-24 тікұшағы Арменияның әуе кеңістігінде, ұрыс аймағынан тыс жерде жылжымалы зениттік зымыран кешенінен атылды, деп хабарлады Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, генерал-майор Игорь Конашенков. 

Өз кезегінде, АЗЕРТАДЖ хабарлағандай, оқиғаға байланысты Әзербайжан СІМ мәлімдеме жасады. «Әзербайжан тарапы кездейсоқтық сипатындағы және Ресей тарапына қарсы бағытталмаған осы қайғылы оқиғаға байланысты Ресей тарапынан кешірім сұрайды. Әзербайжан тарапы қаза тапқан экипаж мүшелерінің отбасыларына көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Әзербайжандық тарап тиісті өтемақы төлеуге дайын екенін мәлімдейді»,- делінген Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде .