02 ақп, 2018 сағат 11:37

Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ - АҚШ елшісі

Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Әрине, Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Толықтай алғанда бұл саясат Қазақстанға қарсы бағытталмаған. Мен Сіздерге бұл санкцияның Қазақстан экономикасына ықпалы бар екендігін айта аламын және Қазақстан тарабы бұған айрықша алаңдаулы. Біз бұл мәселеде қазақстандық серіктестермен кеңесуге уағдаластық. Мәселен, Конгресс қабылдаған заңнамалар бойынша және басқалары. Бұл заңнамалар қалай әрекет ететіндігіне қатысты қазақстандық серіктестермен кеңесулер бар және ол жалғаса да береді. АҚШ тарабы бұл санкциялардың Қазақстанға, осы жердегі қазақстандық бизнес пен америкалық бизнеске теріс әсер етпеуіне ниеттестік танытып отыр», - деді елші.