14 қаз, 2022 сағат 14:47

Ресейдің Белгород облысында "зымыран шабуылына байланысты" пойыздар тоқтады


Ресейдің Белгород облысында темір жолға жақын маңға зымыран бөлшектерінің құлауына байланысты Новый Оскол ауданында пойыздар уақытша тоқтады. Бұл жөнінде аймақ басшысы Вячеслав Гладков Телеграм-арнасында хабарлады, деп жазады Азаттық.

Губернатордың сөзіне қарағанда, 14 қазанда таңертең Новый Оскол ауданында әуе шабуылынан қорғайтын жүйе бірнеше зымыранды атып түсірген. Олардың бөлшектері темір жол маңындағы электр жүйесін бүлдірген. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген. 

Жуырда Белгород қаласында зымыран бөлшектері немесе ұшу аппаратын атып түсірудің салдарынан тұрғын үйлер бүлінген. Қалада әуе шабуылынан қорғайтын жүйе іске қосылған. Кейін тағы бір атқылаудың салдарынан оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған. Аймақ билігі оқиғаларды Украина жағының атқылауымен байланыстырды. 

Украина жағы Белгород қаласындағы атқылаулар туралы хабарламады. Ол тарап әдетте Ресей аумағын атқылау ықтималдығы туралы ақпараттарға түсініктеме бермейді.


Айта кетейік, соғыс басталғалы Белгородта бірнеше жарылыс болған. Солардың бірінде бірнеше адам қаза болған.