11 қар, 2020 сағат 06:12

Ресейдің Алтай өлкесінде Sputnik V егілген медицина қызметкерлерінен коронавирус анықталды

Алтай өлкесінде «Спутник V» вакцинасы алғашқылардың бірі болып салдырған үш дәрігерден короновирус анықталды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

«Алтай өлкесінде коронавирус инфекциясына қарсы екпе («Спутник V»вакцинасы) салдырған 42 дәрігердің үшеуі аталған инфекцияны жұқтырған. Вакцинациялаудан өткен, бірақ ауруға шалдыққан дәрігерлердің иммунитеті COVID-19 қоздырғышымен кездесу кезінде қалыптасып үлгермеген болуы мүмкін. Бұл - дәрігерлердің ауру жұқтыруының себебі болуы ықтимал», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Басқарма хабарлағандай, екпені әзірлеушілердің мәліметі бойынша, вакцина екі компонентті: адам бірінші екпені салдырғаннан кейін үш апта өткен соң екіншісін алады. Ал, екінші вакцинациядан кейін үш апта өткен соң ғана вакцинацияланған және сәйкесінше коронавирус инфекциясынан қорғалған деп саналады. Өйткені осы уақыт ішінде иммунитетті қалыптастыру процесі жүреді. 

Өңірдің бас инфекционисті мәлімдегендей, коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 мыңға жуық доза көлеміндегі екінші партиясы Алтай өлкесіне 2021 жылдың бірінші тоқсанында жеткізіледі.

Жедел штабтың мәліметі бойынша өткен тәулікте Алтай өлкесінде вирусқа шалдығудың 234 жаңа жағдайы тіркелген. Пандемия басталғалы өңірде жалпы саны 21 499 адам коронавирус жұқтырған.

Еске салсақ, АҚШ, Италия және басқа елдердің университеттерінен зерттеушілер ресейлік «Спутник V» вакцинасына қатысты The Lancet журналының редакциясына хат жазып, препаратты сынау нәтижелерінде статистикалық ауытқулар бар екендігін айтқан еді. Оған Ресейдегі ғалымдар жауап берді.