06 қаз, 2017 сағат 10:16

Ресейде жол апатына ұшыраған автобус Оңтүстік Қазақстаннан шыққан - СІМ

ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Владимир облысында Қазақстаннан шыққан автобуспен болған ірі жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Владимир облыстық ТЖМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, 13-аймаққа жататын тіркеу номері UDA668 Mercedes маркалы жолаушылар автобусы аталған өңірде ірі жол көлігі апатына ұшырады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында.

Мәліметтерге қарағанда, жол көлік апаты салдарынан 17 адам қаза тауып, 5 адам ауруханаға жеткізілді. Автобуста барлығы 55 адам болған.

«Зардап шеккендер Петушинскідегі аудандық клиникалық ауруханаға жеткізілді.  Қазіргі уақытта Ресейдегі қазақстандық дипломаттар қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тұлғалары мен азаматтығын анықтап жатыр», - дейді Әнуар Жайнақов. 

Айта кетейік, ҚР СІМ Ресей Федерациясының Владимир облысында болған ірі жол апатында қазақстандықтар қаза болды деген ақпаратты тексеріп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз.