Ресей Федерациясының Рязан облысы Қасым қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалды тақта орнатылады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Ресейдегі Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты шара 15 қараша күні Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Афган-Мухаммед сұлтанының кесенесіне жақын жердегі Ескі татар зиратында өтеді.
Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнату идеясының авторы – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов.
«Рязан облысының әкімшілігі, Қазақстан Республикасының басшылығы Қазақстан дипломатиялық өкілдігімен бірлесіп, Ұлы отандасымызды еске алуға арналған шаралар ұйымдастыруда. Бұл - туристер мен тарихқа қызығушылығы жоғары азаматтар үшін керемет нысандардың бірі болары сөзсіз», - делінген хабарламада.
Мемориалдық тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылды. Ескерткіштің биіктігі үш метр, төбесіне доғал күмбез орнатылған. Естелік тақтаға «Ораз-Мұхаммед Оңданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.
Еске салайық, 2019 жылдың қазанында Қазақстан жұртшылығы Ораз-Мұхаммед ханның туғанына 447 жыл толуын атап өтті.
Мамандар Қасым хандығының мәдениеті мен тарихын бірегей деп санайды. Бұл ерекше мемлекет XV ғасырда құрылған. Ол бірнеше ғасыр бойы Мәскеу мемлекетінің мүддесі аясында болып, орыс тарихындағы көптеген елеулі оқиғаға ықпал еткен.