Ресейде алғаш рет "британдық коронавирус штамы" тіркелді. Бұл туралы Роспотребнадзор жетекшісі Анна Попова хабарлады. Вирус Ұлыбританиядан оралған Ресей азаматынан анықталған. Нақты қай кезде анықталғаны белгісіз. Қазір екі ел арасында әуе қатынасы тоқтаған.
«Бір адамда коронавирустың жаңа штаммы анықталды», - деді ол Ұлыбританиядан оралған РФ азаматтарын тексеру нәтижелеріне пікір білдіре отырып.
Оның айтуынша, коронавирустың «британдық» штаммы Ресейде алғаш рет былтырғы жылдың соңында тіркелген, ол адам қазір қауіпті емес.
«Біз былтырғы жылдың соңында қазіргі уақытта үрей тудырып отырған Ұлыбританиядағы сол штамның нұсқасы елімізде бар екенін анықтадық, тек бір адамда. Оның жағдайы жақсы болатын және қазір де жақсы. Азаматта аурудың еш белгісі болған жоқ. Ол қазіргі уақытта вирусты таратпайды», - деді ол.
Попова атап өткендей, вирус бұрынғыдан қауіптірек бола түскен жоқ. Алайда оның жұқпалылығы артқан.
Мамандар коронавирустың жаңа түрі кәдімгісіне қарағанда 50-70 пайыз жылдам таралатынын айтып отыр. Вирус мутациясы Ұлыбританияда шапшаң жайылып барады, соның салдарынан аталған елде кейінгі күндері бір тәулікте 50 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Бұл - бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш. Билік қайтадан жаппай локдаун енгізуге мәжбүр болған.
Ұлыбританияда Covid-тің өзгергені жайлы ақпарат алғаш рет желтоқсан ортасында айтыла бастаған. Инфекционистердің пікірінше, жаңа штамм коронавирусты жеңе алмаған иммунитеті әлсіз науқас ағзасында жетіліп, дамыған болуы мүмкін.
Коронавирустың жаңа штамы қазір Қытай, Испания, Швеция, Франция, Дания, Нидерланд, Италия, Германия және Азия мен Таяу Шығыстағы бірқатар елдерде анықталған. Соған байланысты 20-дан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай жөніндегі басқарма жетекшісі Майк Райан індет кезінде жаңа штамның пайда болуы қалыпты құбылыс, соған бола жағдай бақылаудан шықты деп айтуға болмайды деп санайды.
Ресейде ресми мәлімет бойынша, кейінгі күндері желтоқсанмен салыстырғанда коронавирус жұққандар азайған. Мұнда күніне 23-25 мың адамнан инфекция анықталып жүр. Дегенмен Попова жағдай жақсарды деп айтуға әлі ерте деп есептейді.