Ресейде бір күннің ішінде 4785 адамнан коронавирус табылды. Эпидемия басталғалы бері мұндай жоғары көрсеткіш болмаған. Әсіресе соңғы бір апта ішінде вирус жұқтырғандар тұрақты түрде көбейген. Бұл ақпаратты Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.
Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 36 мыңға жеткен. Ресей әлемде бұл көрсеткіш бойынша оныншы орында тұр. Індет тарағалы бері 313 адам қайтыс болған. 3 мыңнан астам адам жазылған.
Соңғы бір күн ішінде 40 адам көз жұмған, 467 адам жазылған.
Вирус жұқтырғандардың 50 пайыздан астамы Мәскеуде анықталған.
Ресейдің басым бөлігі наурыз айының соңынан бері "оқшаулау режиміне" көшкен. Адамдардың топтасып жиналуына тыйым салынған, үйден шығуына шектеу қойылған. 30 сәуірге дейін жұмыс тоқтайды деп жарияланған. Бірақ көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Бірақ ресми түрде төтенше жағдай режимі енгізілмеген.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2,2 млн адамға жетті. 154 мыңнан астам адам қайтыс болған. 556 мыңнан астам адам айыққан. АҚШ-та - 700 мың, Испанияда — 190 мың, Италияда —172 мың, Францияда — 149 мың, Германияда 141 мың адамға вирус жұққан.