04 қар, 2020 сағат 12:20

Ресейде бір күнде 20 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды

Ресейде (аннексияланған Қырымды қосқанда) бір күнде 19 768 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл - індет басталғалы бері бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 1 млн 700 мыңға таяп келеді.

Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб мәліметінше, сейсенбі күні коронавирустан 389 адам қайтыс болған. Бұл да індет басталғалы бері 24 сағат ішінде тіркелген рекордтық көрсеткіш. Соңғы рет 29 қазанда 366 адам Covid-тен қайтыс болған. 

Індет басталғалы бері коронавирустан қайтыс болғандар 29 217 адам болды. 

Сейсенбі күні Мәскеуде - 5 826, Санкт-Петербургте - 1 031, Мәскеу облысында - 569, Нижегород облысында – 417, Архангельск облысында – 389, Ростов облысында 309 науқас анықталған. Штаб мәліметінше, ауру өсімі 1,2 пайызға өскен. Өткен тәулікте 15 567 адам жазылған.

Тәулік ішінде өсім қарқыны төмен болған аудандар тізіміне Татарстан Республикасы мен Дағыстан Республикасы (0,5 пайыздан), Мәскеу облысы, Чуваш Республикасы (0,6 пайыздан), Ханты-Мансийск автономды өлкесі, Шешенстан Республикасы, Свердлов облысы және Марий Эл Республикасы (0,7 пайыздан) кірді.

Қазіргі кезде елде 397 306 адам ем қабылдап жатыр. 

Аурудан айыққан адамдардың саны тәулік ішінде 15 567-ге өскен, бұл – пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш. Инфекциядан барлығы 1 266 931 адам жазылып шықты.

Өткен аптада әлемде 3 млн 300 мың адамнан коронавирус табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының апталық бюллетеніндегі ақпарат бойынша, эпидемия басталғалы бері бір аптада осынша жоғары көрсеткіш тіркелмеген.

Соңғы уақытта АҚШ, Үндістан, Францияда науқастар күрт көбейген. Ресейде бір апта ішінде 120 мың адамнан коронавирус табылды.

Соңғы аптада Covid табылғандардың жартысы Еуропада тұрады.

ДДСҰ мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 46 миллион адам болды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 47 миллионға таяп келеді. Әлемде індет басталғалы бері 1 млн 213 мың адам қайтыс болған.