10 қыр, 2021 сағат 22:05

Ресейде әжесі мен немересі қарбыздан уланып өлді



Мәскеуде бір отбасының қос мүшесі қарбыздан уланып, ажал құшты, деп хабарлады "Ұлт ақпарат" РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.


Отбасы қарбызды ірі сауда желілерінің бірінен сатып алған болып шықты. Үйде оны 15 жасар қыз бен анасы, сондай-ақ әжесі жеген. Бейсенбіде қарбыз жегеннен кейін олардың денсаулығы нашарлап кеткен.


БАҚ мәліметінше, жедел жәрдем екі рет шақырылған. Олар кейінгі шақыртудан соң ғана ауруханаға жатқызылған.


Келесі күні әжесі мен немересі ауруханада қайтыс болды. Ал, анасын дәрігерлер аман алып қалды.


Сондай-ақ, отбасында қыздың әкесі де аман қалған. Ер адам қарбыз жемеген боп шықты.


Полиция Ресей Қылмыстық кодексінің 238-бабы (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсету) бойынша іс қозғады.


Оқиғадан кейін тергеушілер пәтердегі барлық тағамды тексеріп шығатыны белгілі болды.