31 жел, 2017 сағат 16:40

Ресей жоғарғы соты Навальныйдың ОСК-ға қарсы талабын қанағаттандырмады

Ресей жоғарғы соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) шешіміне қарсы берген талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Навальный өзіне президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартқан ОСК шешімімен келіспей, жоғарғы сотқа жүгінген болатын. Оппозиционер Конституция бойынша президент сайлауына кандидат ретінде қатысуға құқығы барын айтады. Навальныйды президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан биліктің шешімін Еуропа Одағы сынаған.

Желтоқсанның 25-і күні ОСК Алексей Навальныйды "Кировлес" ісі бойынша шығарылған сот үкіміне байланысты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Бұған жауап ретінде оппозиционер жұртшылықта сайлауға бойкот жариялауға шақырып, наразылық акциясы өтетінін жариялаған. Бұдан соң билік өкілдері Навальныйдың сайлауға бойкот жариялауға шақыруының Ресей заңдарына сәйкестігін тексеру қажеттігі туралы мәлімдеген.

Ресейде кезекті президент сайлауы 2018 жылғы наурыздың 18-іне белгіленген. Бұл жолғы сайлауға түсуге ниет білдіргендер арасында қазіргі президент Владимир Путин, тележүргізуші Ксения Собчак, кәсіпкелер құқығы жөніндегі уәкіл Борис Титов, Ресей либер-демократиялық партиясының лидері Владимир Жириновский, "Яблоко" партиясының төрағасы Григорий Явлинский және Ресей федерациясы коммунистік партиясынан түскелі отырған Мәскеу түбіндегі совхоз директоры Павел Грудинин бар.