АҚШ-тың Ресейдегі жеті бай бизнесмен мен олардың компанияларына, сондай-ақ, 17 шенеунікке қарсы қабылдаған санкциясы ондағы валюта нарығына бірден әсер етіп, рубль құлдырап кетті.
Бұл Қазақстан теңгесінің алдағы тағдырына әсер ете ме, жоқ па, экономистер мен Ұлттық банк бірнеше күннен бері өз болжамын жарыса айтып жатыр. Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Экономика министрі Тимур Сүлейменов те жағдайға дұрыс баға беру үшін бірнеше күн күту керек дейді.
"Санкциялар жарияланғаннан кейін Ресейдің валюта нарығына әрине өзгеріп шыға келді. Яғни, рубльдің долларға шаққандағы бағамына коррекция жасалғанын біз де байқадық. Бұл жағдайдың біздің экономикаға әсеріне нақты баға беру үшін жағдай бірнеше күн қалай өзгеретінін күте тұру керек. Егер рубль осылай құлдырай берсе және бұл тұрақты сипат алса, онда айтарлықтай бір ықпалды біз де байқаймыз, ал, Ұлттық банкпен бірге белгілі бір жұмыстарды жүргізуге тура келеді", — дейді Тимур Сүлейменов.
"Рубль құлдыраса, Қазақстанда Ресей тауарлары тағы да қаптап кетеді"
Ал, Қазақстандағы экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков Sputnik Қазақстан тілшісіне өз болжамын айтып берді. Сарапшының айтуынша, рубль құлдырап, теңге бір орында қалса, экономикамыздың бәсекесі бәсеңдеп кетеді.
"Қазақстанның сыртқы сауда нарығындағы Ресейдің үлесі 20-25 пайыз, сондықтан рубль бағамы теңге бағамына әсер етпей қоймайды. Егер рубль бағамы құлдырап, ал теңге орнында қалып отырса, біздің экономиканың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Егер Ұлттық банк валюта бағамын ұстап тұрса, онда біздің елімізде Ресей тауарлары күрт арзандап кетеді. 2015 жылы сондай жағдай болғаны естеріңізде шығар", — дейді Қайырбек Арыстанбеков.
"Қазақстандықтардың алаңдауына негіз бар"
Сарапшының пікірінше, экономикамыз бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпау үшін Ұлттық банк теңгенің бағамын түсіруге міндетті. Рубль нарығындағы әсер теңгеге міндетті түрде ықпал ететіндіктен, қазақстандықтардың теңге құлдырайды деп алаңдауына белгілі бір деңгейде негіз бар.
"Оның үстіне, біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел болғандықтан, әсер ететіні сөзсіз. Былайша айтқанда, Ресей рубльнің бағамы қаншалықты құлайды, соншалықты теңгенің долларға деген бағамы да түсіп отырады. Ұлттық банк теңге курсын ұстап тұрса да, ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды", — дейді сарапшы.
Даудың басы - АҚШ санкциясы
Бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатқандай, 2018 жылдың 6 сәуірінде АҚШ-тың Қаржы министрлігі Ресейдің 17 лауазымы жоғары шенеунігі мен жеті ірі бизнесменіне және олардың қоластындағы 14 компанияға қарсы санкция жариялаған болатын.
"Ресей үкіметі олигархтар мен үкіметтік элитаның пайдасына қарай тепе-теңдіксіз әрекет етіп отыр", —деп мәлім еткен еді АҚШ-тың қаржы министрлігі.
Сондықтан, дүйсенбі, 9 сәуір күнгі сауданың қорытындысы бойынша бір доллардың бағасы 2017 жылдың қарашасынан бері 60,65 рубльге жетті. Сол күні Ресейдің сауда нарығы 820 миллиард рубль жоғалтып алды.
Бұл жағдайға Қазақстан үкіметі назар аударып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтетін экономикалық саясат жөніндегі кеңесте теңгенің қысқа мерзімдегі тағдыры талқыланды.