Қазақстанның латын әліпбиіне көшу шешіміне қатысты Мәскеудің көзқарасы оң. Көрші елдегі маңызды оқиғаға байланысты Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды РИА Новости.
Бұл мәселе хақында Ресей СІМ басшысының орынбасары Григорий Карасин Ресей тарапының ойын жеткізген. "Меніңше, бұл жағдайда біздің ұстанымымыз байсалды, айналып келгенде қандай тілдердің қандай деңгейде қолданылатыны - Қазақстанның ішкі мәселесі", - дейді ол.
Сонымен қатар ресейлік дипломат бұл мәселеге қатысты айрықша бір мәселенің жоқ екенін айтты.
"Біздің екіжақты қарым-қатынасымызды бейімдеудің, орыс тілін латынға қатысты жаңа жағдайда қалай бейімдеудің амалдарын табатынымызға сенімдімін", - дейді Карасин.
Айта кетсек, жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Әліпбидің жаңа нұсқасы 32 әріптен тұрады. Тіліміздегі «ә», «ғ», «ң», «ө», «ү» секілді төл әріптеріміздің латын нұсқасы апострофпен беріледі.