27 жел, 2017 сағат 11:55

Ресей Сирияда тұрақты әскери күш орналастыруға кірісті

Сирияның Тартус әскери-теңіз базасында ресейлік әскери кеме мен әскери ұшақтар жанында тұрған Ресей әскерилері.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей Сирияның Тартус әскери-теңіз базасы мен Хмеймим аэродромында тұрақты әскер орналастыруға кіріскенін мәлімдеді. Шойгу 26 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада «негізгі орналасу пунктерінің штаты мен құрылымын бекіткенін» және Ресейдің ол базаларда «тұрақты әскери күш құруға кіріскенін» айтты.

Ал Ресей Федерация кеңесі 26 желтоқсанда Мәскеу мен Сирия президенті Башар Асад үкіметі арасында Ресей әскерінің Тартустағы әскери-теңіз базасына орналасуы туралы келісімді ратификациялайтын заңды мақұлдады. 49 жылға арналған бұл келісімге биыл 18 қаңтарда Дамаскіде қол қойылған. Келісім қажет болған жағдайда ары қарайғы 25 жылға ұзартылуы мүмкін.

Құжат Ресей әскери-теңіз күштерінің базада техникалық әлеуетін жетілдіруіне мүмкіндік беріп, Ресей кемелерінің Сирияның территориялық және ішкі суларына және порттарына кіруіне құқық береді. Келісім қол қойылғаннен кейін күшіне енді.