Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының әскери жетекшісі, тәжікстандық арнайы жасақтың бұрынғы командирі Гулмурод Халимовтың көзі жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
Министрлік ақпаратына қарағанда, Халимов пен ИМ-нің бірнеше жоғары шенді командирі Сирия армиясы мен жиһадшылар арасында соғыс жүріп жатқан Дейр әл-Зор қаласының маңында жерасты нысанында болған. Ресейлік әскерилер ИМ шептеріне әуеден соққы жасалып, нәтижесінде 40 шақты содырдың, оның ішінде Халимовтың көзі жойылған.
Халимовтың өлімін әзірге басқа бейтарап ақпарат көздерінен анықтау мүмкін болмай тұр.
Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылдың сәуірінде кенеттен жоғалып кетті, мамырдың соңында ИМ жасағына қосылғанын мәлімдеген. Сирияда түсірілгенге ұқсайтын бейнебаянда Халимов биліктің саясатына наразылық ретінде әсіредіншілдерге қосылғанын айтады. Халимов былтыр жазда ИМ әскери министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.
Тәжікстан билігі полковникті "отанына опасыздық жасады" деп айыптап, Интерпол арқылы іздестіріп жатыр. АҚШ Гулмурод Халимовтың орналасқан жері туралы ақпарат берген адамға 3 миллион доллар сый тікті.
Times журналы биыл сәуірдің 15-і күні "Гулмурод Халимов Мосулдың батысындағы авиасоққы кезінде қаза тапты" деп жазған. Бірақ Душанбе бұрынғы командирдің қазасы туралы ақпарат алмағандарын айтқан.
Биыл шілденің басында Тәжікстанда Халимовтың төрт туысы Ауғанстанға өтпек болғанда көзі жойылып, тағы үшеуі қолға түскен.