Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан "Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлады РФ СІМ баспасөз қызметі. Бұл туралы sputniknews.kz жазды.
Марапат Тасмағамбетовке 11 желтоқсан күні РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасинмен кездесу барысында ұсынылды.
"Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің шешімімен ынтымақтас Қазақстанның елшісі қос ел арасындағы стратегиялық және одақтық қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі, мәдени диалогты кеңейтуі, сондай-ақ ортақ интеграциялық бірлестіктер аясында өзара ынтымақтастығы үшін осы төсбелгімен марапатталады", — делінген хабарламада.
Айта кетсек, Иманғали Тасмағамбетов 2017 жылы 3 ақпанда Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше әрі өкілетті елшісі болып тағайындалған болатын. Оған дейін вице-премьер қызметін атқарды.