11 қар, 2020 сағат 23:23

Ресей Қызыл теңізде әскери база ашады

Ресей Судан аумағында Қызыл теңіз жағалауында әскери-теңіз флотты материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ететін пункт ашады. Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин арнайы үкімет қаулысына қол қойған. Жоба әскери төңкерістен кейін құлатылған Суданның бұрынғы президентімен талқыланған. 

Құжат бойынша, Ресей базасында 300-ге дейін адам қызмет ете алады және төрт кеменің орналасуына жағдай жасалады. Ядролық қондырғысы бар кеме ұстауға да рұқсат етілген. Келісім мерзімі - 25 жыл. Тараптар қарсы болмаса, 10 жыл сайын мерзімі автоматты түрде ұзартылып отырады. 

Қызыл теңізде Ресей базасы салынуы мүмкін екенін 2017 жылы Сочиге сапары кезінде президент Омар әл-Башир айтқан. Ол жобаны "АҚШ агрессиясынан қорғану" қажеттігімен байланыстырған. 

2019 жылы сәуір айында әскери төңкерістен кейін диктатор биліктен кетірілді. Ол жемқорлық жасағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Судан үкіметі саясаткерді халықаралық қылмыстар жөніндегі Гаага сотына тапсыруға келіскен. Онда әл-Башир геноцид айыбына байланысты жауап береді.