29 шіл, 2019 сағат 09:12

Ресей: Иркутск облысында су басқан аудандардан мыңдаған адам эвакуацияланды

Құтқарушылар бір тәулік ішінде Ресейдің Иркутск облысындағы су басқан аудандардан мыңнан астам адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«1 мың 76 адам, соның ішінде 615 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір уақытша орналастыру пункттерінде 41 адам бар, соның сегізі – бала», - делінген хабарламада.

Жексенбі күнгі нөсер салдарынан облыстың алты ауданы: Нижнеудинск, Черемховск, Тулунск, Шелеховск, Слюдянск, Зиминск аудандары судың астында қалған. Дүйсенбі күні 07:00-дегі дерек бойынша, 147 тұрғын үйді, 42 үйдің ауласын, 269 үй маңындағы аумақты су басқан.

Иркутск облыстық гидрометеорология және қоршаған ортаға мониторинг жүргізу басқармасының ақпаратына қарағанда, өңірдің оңтүстік аудандарында нөсер дүйсенбі күні де толастамақ емес.

Төтенше жағдайға шұғыл қызметтер әзір тұр. Тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары, смс-хабарламалар арқылы хабар беріліп отыр.