09 нау, 2023 сағат 17:34

Ресей әскері Украинаға тағы да зымыран жаудырды

сурет ашық дереккөзден алынды

9 наурызға қараған түні және бейсенбі күні таңертең орыс әскері Украинаға зымыран жаудырды. Елдің барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды, деп жазады Азаттық.

Львов әкімшілігінің жетекшісі Максим Козицкий телеграм-арнасында Львов облысының Золочев ауданында тұрғын үйге зымыран түсіп, бес адам опат болғанын хабарлады. Құтқарушылар үйінділерді аршып жатыр. Козицкийдің айтуынша, үйінді астында адамдар бар.

Ал Днепропетровск облысының жетекшісі Сергей Лысак түнгі соққылардан кейін бір адам опат болып, екі адам зардап шеккенін жеткізді.

BBC-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, орыс әскерінің атқылауы кемінде алты сағатқа жалғасқан. Қанатты, баллистикалық зымырандар ұшырылған, ирандық Shahed 136 дронымен де соққы жасалған.

Харьковте жергілікті билік энергетика нысандары бүлінгенін хабарлады. Харьков облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубовтың айтуынша, Ресей әскері Харьков пен маңындағы аумаққа шамамен 15 соққы жасаған. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, тұрғын үйге де ракета түскен. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Киев мэрі Виталий Кличко Голосеев және Святошинк аудандарында кемінде үш жарылыс болып, екі адам зардап шеккенін хабарлады.

Одесса облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Максим Марченко Ресей атқылауы кезінде тұрғын үйлер мен энергетика нысандары бүлінгенін айтты.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Николаев, Житомир, Ивано-Франковск, Хмельницкий, Тернополь облыстарында да жарылыс естілген. Көп аймақта әуе шабуылынан қорғайтын жүйелер іске қосылған. Бірқатар облыста жарық сөндірілген.

"Энергоатом" орыс әскері соққысының салдарынан Запорожье АЭС-і тұтас істен шыққанын мәлімдеді. "Украина теміржолы" компаниясы кемінде 15 пойыз кешіккенін хабарлады.

Ресей қорғаныс министрлігі әзірше 9 наурыз күнгі зымыран шабуылдарына қатысты түсініктеме бермеді. Жалпы, Ресей билігі Украинаның азаматтық нысандарына шабуылдағанын мойындамай келеді.

Бұған дейін Ресей әскері Украинаны 16 ақпанда зымыранмен жаппай атқылаған. Сол кезде Украина әскери-әуе күштеріне сүйенген кейбір БАҚ ресейлік ұшақтар мен кемелер 32 қанатты ракета ұшырғанын, 14-і атып түсірілгенін хабарлаған.