28 ақп, 2022 сағат 21:31

Ресей 36 ел үшін өз әуе кеңістігін жапты


Ресей 36 ел үшін өз әуе кеңістігін жапты. Бұл - ресейлік ұшақтарға енгізілген санкцияларға жауап ретіндегі шара, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.

Бұған дейін авиабайланыс Ұлыбритания, Болгария, Латвия, Литва, Молдавия, Румыния, Эстония, Словения, Чехия және Польшамен тоқтатылған болатын. Енді тізімге тағы 27 енгізілді. Олардың ішінде Германия, Испания, Италия және Франция бар. 

«Халықаралық құқық нормаларына сәйкес еуропалық мемлекеттердің ресейлік авиатасымалдаушылар пайдаланатын және/немесе Ресейде тіркелген азаматтық әуе кемелерінің ұшуына салынған тыйымға жауап ретінде 36 мемлекеттің авиатасымалдаушыларының ұшуына шектеу енгізілді. Аталған елдерге Росавиация немесе Ресей СІМ берген арнайы рұқсат берген кезде ұшуға болады», - делінген Росавиация хабарламасында. 

Сондай-ақ, бұл тізімге Аустрия, Албания, Англия, Бельгия, Британ Виргин аралдары, Венгрия, Гибралтар, Грекия, Дания, Гренландия, Фарер аралдары, Джерси, Ирландия, Исландия, Испания, Канада, Кипр, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Норвегия, Португалия, Финляндия, Хорватия және Швеция кірген.